Негізгі бет Біз туралы Жаңалықтар Бізбен байланыс
- Астана
  
kaz rus eng RSS
Мастер класс
Сұхбат
Шетелдік тәжірибе
Заңгерлер кеңесі
Глоссарий
Адрес бюросы
Аналитика
Тренингтер
Баспасөз - релиздер
Пікірлер
Қаржылық қолдау

Регистрация Забыли?
Глоссарий

Біліктілік куәлігі

Уәкілетті орган берген құжат, ол жеке тұлғаның аттестациядан өткенін және осындай құжаттың санатына (аттестацияның санатына) сәйкес оған бағалы қағаздар нарығында қызметтер көрсетуге құқық берілгенін куәландырады. Түсіндірме: бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге біліктілік куәлігі тек жеке тұлғаларға ғана беріледі, ал заңды тұлғаларға бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін лицензия беріледі, алайда бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін компанияның лицензиясы болуға және оның қызметкерлерінің белгілі бір көлемінде біліктілік куәлігі болуға тиіс.

 

Біріктірілген несиелер

Банктердің екі немесе одан көп несиегер синдикаты (консорциумы) бір қарызгерге беретін несиелер.

 

Біріктірілген қарыз (syndicated loan)

Банктердің немесе басқа несиелендіру институттарының синдикаты берген қарыз. Әдетте ондай қарыздарды әуелі көшбасы банктердің шағын бір тобы ұйымдастырады, олар шарттарды өзара ескереді, содан кейін басқа несиегерлердің жалпы санын сондай қарыздың шағын үлестерін өзіне қабылдауға үгіттейді. Біріктірілген қарызға қатысу несиегерлерге несиелер белгілі бір қарызгерлермен төте келіссөздердің негізінде берілгенге қарағанда, анағұрлым кем тәуекелді қоржынға ие болуға мүмкіндік береді - қарызгерлер несие шарттарын өздерінің пікірі бойынша басқа несиегерлерді синдикатқа кіруге тартып, қажетті ақша сомасын жинауға қабілетті бір органмен келісуі мүмкін.

 

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР

Бағалы қағаздардың ең кең тараған түрі акциялар мен облигациялар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы: Акцияны сатып алу арқылы сіз өз капиталыңыздың бөлігін акционерлік қоғамға салғандығыңыз бен оның иесі болғандығыңыз туралы куәлік аласыз. Облигацияны сатып алу арқылы сіз компания немесе мемлекеттің кредит берушісі боласыз. Соңғысы сізден облигацияларды сатып алуға міндеттенетін борышкеріңіз болады. Бағалы қағаздардың аталған түрінен түсетін кірісті екі категорияға бөлуге болады: Эмитенттердің төлейтін кірісі: Акциялар бойынша - дивиденттер (акционерлік қоғам төлейтін акция бойынша төлеуге жататын кіріс). Облигациялар бойынша - дисконт немесе купон түрінде сыйақы беру. Купон - шығарылым шарттарына сәйкес эмитенттердің облигация номиналдық құнынан жоғары төлейтін қаражаты. Негізінен әр жарты жылдықта. Дисконт - номиналдық және алғашқы орналастыру құны немесе облигацияны сатып алу құнының арасындағы айырмашылық.

 

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ПОРТФЕЛІ

Бағалы қағаздар портфелі - бір ғана инвесторға қарайтын қаржы құралдарының жиынтығы. Аталған портфельге бір (мәселен, тек акциялар) немесе әртүрлі типті (акциялар, облигациялар, кепілдік куәлік және т.б.) бағалы қағаздар кіреді.

 

БАҒА ӨСІМІ

Баға өсімі - бағалы қағазды сатып алу бағасы мен оны нарықта сату бағасының арасындағы айырмашылық.

 

Балалар облигациясы

Атаулы құны 1000 доллардан кем облигация.

 

Банк жүйесі (banking)

Банктік қызметтер көрсетумен айналысатын мекемелер жүйесі. Ол екі бөліктен тұрады. Біріншіден, оған клиенттердің кең ауқымды топтарына қызмет көрсететін, сөздің тура мағынасындағы банктер кіреді; бұл әмбебап банктер болуы да, сондай-ақ банктік операциялардың белгілі бір түрлері бойынша мамандандырылған мекемелер де болуы мүмкін. Мұндай банктер шеңбері өте кең, ол толып жатқан ұсақ клиенттермен жұмыс істейтін бөлімшелерінің тарамдалған желісі бар коммерциялық банктерден бастап, капитал немесе сыртқы сауда нарығындағы операцияларды қаржыландыруға мамандандырылған сауда банктерімен аяқталады. Екіншіден, банктік жүйе клиенттердің кең ауқымды топтарымен тікелей байланысы жоқ, деңгейі жоғарырақ мекемелерді қамтиды. Бұл санатқа басқа банктердің банкирлері мен мемлекеттің рөлін атқаратын және ақша-несие саясатын жүргізу мен ақша-несие жүйесіне макроэкономикалық басқару жасау үшін жауап беретін орталық банктер (central banks) және банктерді қадағалау ісін жүзеге асыратын, операциялардың адал жүргізілуін, олардың өтелімділігін (liquidity) және төлем жасау қабілетін тексеретін, банктік қызметті реттеу органдары жатады. Аталған жоғары деңгейдегі функциялар бір мекеменің шеңберінде, мысалы, Ұлыбританиядағы Англияның Банкінің (Bank of England) шеңберінде біріктірілуі немесе, мысалы, Германиядағы сияқты бірнеше ұйымның арасында бөлінуі мүмкін.

 

Банк-кастодиан

Клиенттердің бағалы қағаздарын сақтау, олардың бағалы қағаздар бойынша құқықтарын және ақшасын есепке алу бойынша оларға қызмет кеөрсететін банк.

 

Банктердің консорциумдары

Ең ірі банктердің бірі - консорциумның басшысы несиелік, кепілдемелік немесе басқа да банктік операцияларды бірлесіп жүргізу мақсатында уақытша ұйымдастырған банктер тобы. Несиелер беру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында және басқа да міндеттерді шешу мақсатында банктердің бірлескен қызмет туралы шарттың негізінде консорциумдар құруға және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметіне қатысуға құқығы бар. Банктердің жекелеген қарызгерлерді немесе заңды тұлғалар топтарын бірлесіп несиелендіру үшін, сондай-ақ қаржы нарығында басқа да қызметті іске асыру үшін, егер оларды жүзеге асыру банктік қызмет туралы заңнаманың талаптарына қайшы келмесе, өздерінің қаржылық ресурстарын біріктіру жолымен консорциум құруға құқығы бар. Банктердің консорциумын құру үшін қажетті шарт оның қатысушыларының тең несиегер банктердің құрамындағы ықтимал өзгерістен тәуелсіз, біріктірілген (консорциалдық) қарызды беру туралы шарттың ережелерін өздерінің орындайтыны жөнінде міндеттеме қабылдауы болып табылады. Бірлескен қызметтің аталған түрінің қатысушыларының құқықтық мирасқорлары туралы норма банктердің консорциумын құру туралы келісімге енгізілуге тиіс.

 

Баға белгілеу (quote, quotation)

Қолданыстағы заңнамалық нормалары мен қалыптасқан іс-тәжірибеге сәйкес биржаларда шетел валюталарының, бағалы қағаздардың бағамдарын немесе тауарлардың бағаларын белгілеу. Баға белгілеуді уәкілетті мемлекеттік мекемелер, арнайы органдар валюта биржаларында, қор биржаларында және тауар биржаларында (ресми бағалама), ірі компаниялар мен банктер - ұйымдастырылмаған нарықта (нарықтық баға белгілеу) жүзеге асырады. Қор биржасына қатысты "баға белгілеу" термині сондай-ақ Биржалар кеңесі осы бағалы қағазға биржада ресми түрде айналуға берген құқық түріндегі артықшылықты да білдіреді. Толық баға белгілеу сатып алушының бағамын (бағасын) және сатушының бағамын (бағасын) да қамтиды, оларға сәйкес баға белгілеуші ұйым бағалы қағаздарды, валютаны немесе таарды сатып алады немесе сатады. Сатушы мен сатып алушының бағамдарының арасындағы айырма (маржа) баға белгілеуші ұйымның табыс көзі болып табылады. Баға белгілеу қатқыл болады, яғни баға белгілеуші ұйымға мәмілені соған сәйкес жасау туралы міндет артады, немесе атаулы болады, яғни шамаланған түрде белгіленеді де, баға белгілеуші ұйым үшін міндетті болмайды. Мысалы, "45 1/4 - 45 1/2" деп баға белгілеу 45,25 доллар осы акция қазіргі сәтте биржада сатыла алатын ең жоғары баға, ал 45,50 доллар - оны сатып алуға болатын ең төмен баға екенін білдіреді.

 

Бағалы қағаздар эмиссиясы

Эмитент жүзеге асыратын бағалы қағаздарды айналымға шығару.

 

Бағалы қағаздарды айырбастау

Бір компания шығарған акциялардың немесе облигациялардың бір түрін сол компания шығарған бағалы қағаздардың басқа түріне айырбастау. Облигациялар мен артықшылықты акцияларды шығару туралы келісімде көбінесе айырбастау құқығы көзделеді, ол осы бағалы қағаздарды иеленушілерге оларды басқа қағаздарға, әдетте жай акцияларға белгілі бір бағам бойынша айырбастауға мүмкіндік береді.

 

Бағалы қағаздарды иеленушілердің тізілімі

Бағалы қағаздарды иеленушілер туралы белгілі бір күнгі мәліметтер жиынтығы, олар осы иеленушілерді, сондай-ақ оларға тиесілі бағалы қағаздардың түрі мен санын сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Түсіндірме: жай сөзбен айтқанда, бағалы қағаздарды иеленушілердің тізілімі - белгілі бір акционерлік қоғамның немесе үлеспұлдық инвестициялық қордың бағалы қағаздарын иеленушілердің тізімі.

 

Бағалы қағаздардың бастапқы нарығы

Бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру барысында бір тараптан эмитенттің немесе оның тапсырмасы бойынша бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушысының және екінші тараптан инвесторлардың арасында қалыптасатын қарым-қатынастар.

 

Биржалық бағалама

Биржалық органдарда бағалы қағаздардың (акциялар мен облигациялар) өздігінен қалыптасқан бағамдарын және жекелеген биржалық тауарлардың бағасын, іске асырылған биржалық мәмілелерді есепке ала отырып тіркеу. Биржалық конъюнктураның көрсеткіштерінің бірі болып табылады, бағалы қағаздарға деген сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын бейнелейді.

 

Биржалық бағам

Бағалы қағаздың (акцияның, облигацияның) биржада түзілетін сатылымдық бағасы. Биржалық бағам дивидендтің шамасына тікелей тәуелді және несиелік пайыздың нормасына кері тәуелді болады. Акциялардың атаулы құны биржалық бағамға әсер етпейді, себебі акцияны шығарған кәсіпорын оны құнын өтеп сатып алмауға тиіс. Акциялардың (кәдімгі) биржалық бағамы облигациялар мен артықшылықты акциялардың бағамына қарағанда көбірек, конъюнктуралық ауытқуларға тәуелді, себебі олар бойынша табыс деңгейі алдын ала айқындалмаған.

 

БИРЖАЛЫҚ МӘМІЛЕ

Биржалық мәміле - биржада қаржы құралдары бойынша жасалған мәміле. Биржадағы мәміле саудаластыққа қатысушылар тарапынан мәмілеге өтініш беру жолымен жасалады. Қарсы келген өтініш (бірі - сатып алу, бірі - сату туралы) шарттары екі жақты қанағаттандырған жағдайда мәміле жасалады.

 

БИРЖАЛЫҚ САУДА

Биржалық сауда - ұйымдастырылған нарықта сатып алу дегенді білдіреді. Саудаға түсу үшін, брокерді таңдап, онымен брокерлік қызмет туралы келісімшарт жасасу қажет. Одан кейін инвесторлар брокерлік шот ашып, оған бағалы қағаздарды инвестициялауға бағытталған ақшаны аударулары керек. Осы шоттан бағалы қағаздар төлемақысы жүргізіледі, сонымен қатар қағаздардан түскен қаражат та аталған шотқа келіп түседі. Мұнымен қоса, инвесторлар брокерден депо шотын ашуы тиіс. Егер клиенттер ақшасы арнайы брокерлік шотта жатса, бағалы қағаздар депода сақталынады. Сатып алынған бағалы қағаздар дәл осы жерге аударылады.

 

Борышкер (debitor)

Бұл - міндеттеменің екінші тарабы - несиегердің пайдасына белгілі бір әрекетті іске асыруға (мүлікті табыстау, қандай да бір жұмысты атқару және т.с.с.) немесе белгілі бір әрекеттен тартынуға міндетті тарап. Борышкерлер ретінде азаматтық құқықтар мен міндеттерді иелене алатын тұлғалар, яғни құқық қабілеті бар тұлғалар мен мемлекет қана шыға алады.

 

Борышкер (дебитор) (секьюритизация жағдайында)

Оригинатордың алдында қазіргі немесе болашақ ақшалай міндеттемесі бар тұлға. Түсіндірме: борышкер (секьюритизация жағдайында) ретінде кез келген тұлға - жеке немесе заңды тұлға әрекет ете алады. Бұдан өзгеше, Оригинатор болып тек заңды тұлға ғана шыға алады.

 

Брокер (broker)

Қор, тауар, валюта биржасында делдалдардың міндеттерін орындайтын тұлға немесе фирма. Брокер клиенттің тапсырмасы бойынша тауарларды, бағалы қағаздарды, сақтандыру полистері мен т.б. сатады және сатып алады. Бағалы қағаздарды немесе валютаны сатып алу-сату жөніндегі аккредитацияланған (тіркелген) агент. Брокер мәмілелерді әдетте клиенттердің тапсырмасы бойынша және солардың есебінен жасайды. Бағалы қағаздарды, валютаны және т.б. сатып алушылар мен сатушылардың арасындағы делдалдығы үшін брокер тараптардың келісімі бойынша немесе биржалық комитет белгілейтін таксаға сәйкес белгілі бір ақы немесе комиссиялық сыйақы алады. Брокер белгілі бір операцияларды - биржада тауарлармен, бағалы қағаздармен, шетел валютасымен жасалатын мәмілелерді орындауға маманданады; сақтандыру брокерлері клиенттер мен сақтандыру компаниясының арасында делдалдықты жүзеге асырады; кеме брокерлері кемелерді фрахтылау туралы шарттар жасау кезінде делдал ретінде әрекет етеді. Брокер ретінде фирма немесе жекелеген тұлға әрекет ете алады. Биржалардың көпшілігінің жарғысы бойынша брокерлердің өз есебінен мәмілелер жасауға және өз меншігіндегі құндылықтарды сатуға құқығы жоқ. Брокерлер өзінің қызметі үшін белгілі бір ақы алады. Қор биржасының биржалық делдалы сондай-ақ маклер деп те жиі аталады. Ресми маклерлерден бөлек қара биржаның маклерлері де болады. Олардың кеңселері алыпсатарлық немесе биржа жаргонында - "ашықауыздар дүкені" деп аталады. Вексельдерді есепке алу мен қайта есепке алу бойынша мәмілелерге маманданатын брокерлер вексельдік брокерлер деп аталады.

 

Бюджет тапшылығы

Мемлекеттік бюджет бойынша шығыстардың кірістен асып кетуі; инфляциялық үрдістің даму факторларының бірі болып табылады; мемлекеттік қаржы-қаражаттың дағдарыстық күйінің көрсеткіші.

 

Бұғаттау

Бағалы қағаздарды иеленушілер тізілімдері жүйесінде және атаулы иеленуді есепке алу жүйесінде, бағалы қағаздармен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуге уақытша тыйым салу, бұл бағалы қағаздардың бүтіндігіне кепілдік беру мақсатында жүзеге асырылады. Түсіндірме: бұғаттау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігінің, соттың немесе басқа уәкілетті органның шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

 

Бұқа (bull)

Сауда-саттыққа қатысушы, ол бағалардың өсуін күтіп жүреді. Қор және тауар нарығындағы биржалық саудаға қатысушылар, олар бағалардың төмендейтініне емес, көтерілетініне сенімді болғанда, бағалшар көтерілген кезде сатып пайда түсіруден үміттеніп, бағалы қағаздарды сатып алуға тырысады. Айрықша жағдайларда «бұқалар» алыпсатарлықпен айналысып, шын мәнісінде ақысын төлей алмайтын акцияларды немесе тауарларды сатып алуға форвардтық мәмілелер жасасады, себебі баға көтерілген кезде несие алып, сатушылармен есеп айырысуға шамамыз жетеді деп үміттенеді. «Бұқалар» бағалы қағаздар мен тауарларды сатып алатындықтан, нарық «бұқалар» нарығына айналған кезде, олардың үміті ақталатын кездер де болады. «Бұқалар» нарығы деп көптеген «бұқалары» бар нарықты атайды, соның нәтижесінде бағалар біршама уақыт бойы тұрақты түрде өсіп отырады.

 

Бұқалар мен Аюлар нарығындағы тәуекелдік

Қор нарығының "Бұқалар нарығы" жоғарылатқыш тренді мен "Аюлар нарығының" төмендеткіш трендінің кезеңдері кезек ауысқан кезде пайда болады.

Әйгілі тақырыптар
  • Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ары қарай дамуының бес негізгі бағытын атады
  • Астанада ТМД және Балтық елдерінің ХV облигациялық конгресі өтеді 2018 жылғы
  • Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір.....
  • Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
  • Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір
  • Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты
  • Түрік лирасының құлдырауы Қазақстанның экономикасына қалай әсер етеді
  • Қазақстан бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингінде 38-орынды иеленді
  • Мемлекет басшысы CNPC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен кездесті
  • Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9% дейін төмендетті 2018 жылғы 4 маусым