|
|

| Жаңаша "ойнау" керек |
|
Өткен аптада Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) ұйымдастырған "Ойын ережесі: Өндіру өнеркәсібіндегі келісім‑шарттардың ашықтығын арттыру" тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысу үшін Алматыға бес елден - Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Украинадан - үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, өндіру өнеркәсібі табыстарын қоғамдық бақылау саласының мамандары келді. Осынау оқиғаға орай СҚҚ "Kazakhstan Revenue Watch" бағдарламасының директоры Антон Артемьев былайша түсіндірме берді.
- Бұл халықаралық пішімде өткізіліп жатқан екінші басқосу, және ол осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған "Мұнай келісім‑шарттары азаматтық қадағалауда" атты семинардың қисынды жалғасы болды. Сол кезде Әзірбайжаннан келген ҮЕҰ‑дағы әріптестеріміз үкіметтің мұнай компанияларымен жасасқан келісім‑шарттарын талдаудың негізінде мемлекеттік табыстарға мониторинг жасау саласындағы өз тәжірибесін назарымызға ұсынған болатын. Ал, енді жер қойнауын қазымдаушылардың және олар жұмыс істейтін ел үкіметінің арасындағы қарым‑қатынасты реттейтін нормативтік‑құқықтық базаны неғұрлым егжей‑тегжейлі қарастыру мүмкіндігі туып отыр. Кез келген келісім‑шарт - бұл ең алдымен заңды құжат, бірақ, әдетте, жер қойнауын пайдалану саласындағы келісім‑шарттар туралы айтқанда, біз оның негізіне салынған пайда бөлудің, салық төлеудің және басқа да төлемдер жасаудың экономикалық тетіктерін ұғынамыз.
Әр елдің өзіндік ерекшеліктері болғанымен, оларда зерттейтін ортақ мәселелер бар, сондықтан кездесуге халықаралық ұйымдардың өкіл‑кеңесшілері ‑ Қоршаған орта және даму халықаралық институтынан (Ұлыбритания) келген Лоренцо Котула, Сәуле Оспанова, Fоundation for International Environment, Law and Development (Ұлыбритания) қызметкері Линда Сигель және аймақтың басқа елдеріндегі әріптестеріміз, атап айтқанда Қоғамдық қаржыға мониторинг жасау орталығынан (Әзірбайжан) келген Ингилаб Ахмадов, Моңғолияның "Не төлеп жатқаныңды жарияла" коалициясының өкілі Батпурев Аюшсурен қатысты. Олардың көмегімен семинарға қатысушыларға үкіметтік емес ұйымдар нәтижелі түрде пайдалана алатын халықаралық стандарттар мен құқықтық тетіктерге жасалған шолу ұсынылды.
Құқықтық білім және келісім‑шарттарды егжей‑тегжейлі зерттеу қажеттігі бекерден‑бекер туындамайды. Мемлекеттің қанша қаражат жұмсап отырғанын білу үшін, оның қанша алатынын, келісім‑шарттардың қандай жағдайлармен жасалатынын білу керек. Қазақстандағы саяси және экономикалық ахуал өзгеріп отыр, ал жер қойнауын пайдаланушылармен 90-жылдарда жасалған көптеген келісім‑шарттар оларға салық режимінің тұрақтылығы туралы ереже енгізілген соң өзгеріссіз қалып отыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгермеушіліктің қолайлы инвестициялық климатты сақтау үшін маңызы зор, ал басқалардың ойынша, елде өзгерген экономикалық ахуалды ескергенде бұрын бекітілген жағдайларды қайта қарау қажет. Бірақ ондай жағдайда мемлекет пен инвесторлар қандай қиындықтарға тап болады? Ақырында, азаматтық қоғамның өкілдері ұлттық заңдарға ғана емес, халықаралық нормалар мен шарттарға сүйене отырып құқықтарды қалай қорғай алады? Өткізілген семинар осы сұрақтардың бәріне жауап беруге арналған.
Айталық, семинар кезінде ойдан шығарылған Мұнайстан еліндегі ахуалды қарау үшін өзіміз ойнаған рөлдік ойынның маңызы зор болды. Ойынға қатысушылар топ‑топ болып бөлініп, келіссөз процесінде өзіміз әдетте "мүдделі тараптар" деп атайтын тұлғалардың - үкіметтің, инвесторлардың (жер қойнауын пайдаланушылардың), несиегерлердің және азаматтық сектордың мүдделеріне ‑ өкілдік етті. Ойынның соңында біз келіссөз кезіндегі позициясы ең күшті болған және келіссөздің барысына ең көп әсерін тигізе алған барлық қатысушылардан дауыс берулерін сұрадық. Берілген дауыстарды санау кезінде бірінші орынға мемлекет шықса, екінші орынға несиегерлер мен инвесторлар берік орнықты, ал азаматтық қоғам небары екі дауысқа ие болды. Неге сонша аз? Әсіресе, семинарға барлық қатысушылардың үкіметтік емес ұйымдар секторының өкілдері екенін ескергенде, бұл ойланарлық жайт...
Ойын мен шын жағдайларды үстірт талдаудың өзі азаматтық сектор белсенділерінің іс‑қимылын алдын‑ала болжаудың оңай екенін көрсетіп отыр. Қазақстанда EITI іске асырылып жатқан жылдардың ішінде, ал бұл төрт жылға жуық уақыт, үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысында іс жүзінде үкіметпен және компаниялармен жұмыстың сол бір әдістерін пайдаланып келеді, бірақ ҮЕҰ позициясы бұрынғысынша формалды түрде ғана ескеріледі. Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өзара және басқа елдердегі әріптестерімен тәжірибе мен ақпарат алмасатын жағдайлары аз, бірақ бүгінгі күні ең тиімді жұмыс әдістерін дәл осы жолмен айқындауға болады. Соған қарағанда, мемлекеттік табыстар мен шығындарға мониторинг жасауға қатысатын ұйымдардың жаңаша "ойнайтын", өз арасында, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық және қазақстандық сарапшылар қоғамы өкілдерімен неғұрлым тығыз өзара ықпалдасатын, халықаралық нормалар мен стандарттарды білуін өз жұмысында пайдаланатын кезі келген сияқты. Сонда мемлекеттік табыстар мен шығындарға тәуелсіз мониторинг жасау саласындағы азаматтық қоғамның позициясы неғұрлым құзыретті әрі нанымды болмақ.

|
|
Материалы по теме:
|
|
Әйгілі тақырыптар
|