
Біз неге осы деңгейде өмір сүруіміз керек? Қалай бұдан да жақсы өмір сүруге болады? Осындай сұрақтарды Жер бетіндегі барлық адамдар өздеріне қояды. Солардың бәрі өзіне лайықты жауаптарын табады. Біреулер дарашылдық пен өзімшілдік оларға бақыт әкеледі деген оймен, ең көп дегенде байлық пен дәулетке қол жеткізеді және өмір-бойы соны қорғаштаумен өтеді. Ал енді бір адамдар, өз бақыттарын жақын маңнан тауып, барға қанағат, жоққа салауат тұтып, өзін қоршағандарға қол ұшын беріп, жан-дүниесіне тыныштық әкелетін қабілетке ие.
Қазіргі кездегі экономистердің көздегені бізді байлық пен ақшаның пайдасына сендіру, ал саясаткерлердің мақсаты ұлттық өзгешілікті, демократияны және егемендікті ерекше жоғары койып біздің санамызға сіңдіру. Осының бәрі кімнің пайдасына шешілмек? Неліктен мыңдаған саяси-экономикалық концепциялар әлемді дамуға жетелемеді?
Осы барлық концепциялардың мүддесі, қазіргі болмыстың мәнін түсіну емес, оны белгілі бір топтың пайдасына бұрып алу болып отыр. Экономиканы түсінбеушілік, жедел түрде іс-әрекет жасау ықыласы, міндетті түрде әлеуметтік-экономикалық эксперименттерге әкеледі, осындай жағдайлар ХХ ғасырды айтарлықтай ерекшелендірді. Саналы әрі ойдағыдай жетістіктерге жету үшін бізге кез-келген қоғамға, ұлтқа, нәсілге, атақ-даңқ пен байлыққа деген әуестіктен тыс экономикалық теория қажет.