Сейсенбі, 18 қаңтар, сағат 11:00.
Бүгінгі арнайы баспасөз мәслихаты сақтандыру тақырыбында жазылған үздік жұмыстар арасында жарияланған "Идея мен оны жүзеге асырудың арасы - бір-ақ қадам" атты VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік байқау нәтижесін қорытындылауға бағышталды.
Ұсынылған жұмыстардың арасында "Сезім мен некені сақтандыру тұжырымдамасы" атты жұмыс ең қызықты жоба деп танылды. Жұмыс елдегі демографиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Үздік жұмыстар ондығына енген тағы бір жоба Денсаулық сақтау жүйесінен медициналық сақтандыру жүйесіне көшу мәселесін көтереді.
Сонымен қатар, сақтандыру нарығына қатысушыларды алаяқтықтан қорғау жолдарын, интернет арқылы сақтандыру рөлін арттыру жөнінде және еліміз үшін көкейтесті болып отырған қауіп-қатерлерді болжау жүйесін ұсынған IT саласы мамандары да мараптталды.
Сақтандыру тақырыбындағы жұмыстарға арналған "Идея мен оны жүзеге асырудың арасы - бір-ақ қадам" байқауы жыл сайын өткізіледі. "Евразия" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның ғылыми-тәжірибелік байқауы сақтандыру және қатерлерді бағалау саласындағы инновациялық идея авторларын осымен алтыншы жыл қатарынан марапаттап келеді. Соңғы байқау 2010 жылы 1-қазанда Қазақстан Республикасы мен Еуразия континентіндегі 11 ел аумағында қатар басталған болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты - бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін, жастар саясатын жүзеге асыру, сақтандыру индустриясын танытып, Қазақстанның қабілетті, талантты студенттері арасынан сақтандыру рыногына қажетті білікті мамандар даярлау.
Жыл сайынғы байқауға Қазақстан мен ТМД мемлекеттерінің ЖОО студенттері, магистранттары, аспиранттары және сақтандыру саласының жас мамандары қатысып келеді.
Соңғы бірнеше ай ішінде "Евразия" сақтандыру компаниясының кеңсесіне келіп түскен ғылыми-тәжірибелік жұмыстар легі үзілген жоқ. Қазақстан мен ТМД-ның Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Баку, Бішкек, Қарағанды, Киев, Көкшетау, Қызылорда, Минск, Мәскеу, Петропавл, Санкт-Петербург, Ташкент, Тбилиси, Өскемен сынды өзге де қалаларынан 500-ден астам жоба келіп түсті.
"Сақтандыру бизнесіндегі Хай-тэк" номинациясы бойынша бас жүлдені 150 000 теңге стипендиямен "Тұран" университетінің студенті Елжанова Ұлпан Нұрланқызы жеңіп алды. Сонымен қатар, "Сақтандыру өнері" номинациясы бойынша ҚМЭБИ студенттері Васицкий Ярослав Владиславович пен Гриненко Андрей Олегович бірлескен жұмыстары үшін 100 000 теңге, "Сақтандыру әлеміне ашылған терезе" номинациясын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Ақанова Әлия Ақанқызы және "Тұран" университетінің студенті Нұржаева Кәмилә Ермекқызы жеңіп алып, әрқайсысы 25 000 теңгеден иеленді.
Үздік ондыққа енген үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Сондай-ақ, "Евразия" СК" АҚ сырттан келген қатысушылардың жол ақысы мен жатын орнына және тамағына кеткен шығындарын түгел өз мойнына алды.
Ұсынылған жұмыстарды арнайы Қоғамдық Кеңес іріктеді. Қоғамдық Кеңес құрамына Қазақстанның ЖОО Қауымдастығы, Алматы қаласының жастар саясатын дамыту жөніндегі қоры, жетекші ЖОО, БАҚ өкілдері кіреді.
Сонымен қатар, биылдан бастап "Евразия" СК" АҚ байқауда көзге түскен үздіктердің арнайы құрылған Сақтандыру инженериясы зертханасында өз мүмкіндіктерін сынап көруіне, жоспарын жүзеге асыруына жағдай жасап отыр. Зертхана отандық сақтандыру нарығын жаңа идеялармен және білікті мамандармен толықтыруға, сонымен қатар сол идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Дерекнама: "Евразия" Сақтандыру Компаниясы