Бүгін Астана қаласында Қазақмыс Тобының басқарушы Бас директоры Олег Новачук пен Қытайдың Мемлекеттік Даму банкінің вице-президенті Гао Цзянь мөлшері 1,5 млрд АҚШ доллары болатын несиелік бағдар ұсыну жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісімде айтылған қаражат Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай ірі кен орнын - елдегі ең келешегі зор тау-кен өндіру жобаларының бірінің игерілуін көздеп отыр. Меморандумға қол қою осы күндері Қазақстанда өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне орайластырылған.
Күткендегідей, тараптар несиелік келісімге осы жылдың соңына дейін қол қоюға шарттасты. ҚМДБ тарапынан қаржыландыру Қазақмысқа сол аталған активті бақылауында ұстай отырып, өндірісті ұлғайту жөніндегі ірі жобаны игеруге мүмкіндік туғызады. Ақтоғайдың қоры - 5 млн тонна мысты құрайды: жобалық қуаттылығы жылына 100 мың тонна мыс концентраты болғанда, кенішті пайдалану мерзімі 43 жылға жететін болады. Пайдалану кезінде қызметкерлердің саны мың адамнан асатын болады.
Жобаның ендігі қажетті деген инфрақұрылымы бар: 800 км құрайтын электр желілері мен трансформаторлық станция, теміржол тармағы мен өрлеу краны орналастырылған іріктеу торабы, автожол, қоймалар мен тұрғын-жайлар, бетон құю кешені және асфальт зауыты. Жобаның артықшылықтарының бірі оның Қытайдағы тұтынушыларға қарай жақын орналасқандығы есебінен өнімнің экспортын жеңілдетуі болып табылады.
Алдын ала жасалған техникалық-экономикалық негіздемелеу барысында геологиялық барлау жұмыстары, металлургиялық тестілеулер және инженерлік зерттеулер жүргізілді. Карьер мен кен байыту фабрикасын қамтитын жоба бойынша толыққанды ТЭН-і осы жылы бастауға жоспарланып отыр. Күткендегідей, ТЭН бір жылдық уақытты алады, ал даярлау және құрылыс жүргізу сатысы шамамен үш жылға созылады. Жоба бойынша капиталдық шығындар шамамен 2 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр.
Ақтоғай және Бозшакөл ірі жобаларын игеру ісі Қазақмысқа алдағы бес жыл ішінде мыс өндірісін анағұрлым ұлғайтуға мүмкіншілік береді. Қазақмыс Тобының өркендеу жобаларын жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, Қазақстан бюджетіне түсімдердің артуына, әлеуметтік саланың және оған ілеспелі инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік туғызады.
Қазақмыс Тобының басқарушы Бас директоры Олег Новачук өз сөзінде былай деді: "Біз меморандумға қол қою арқылы Бозшакөл жобасын қаржыландыруға қолдау көрсетіп отырған ҚМДБ-мен өз ынтымақтастығымызды ұлғайтып отырмыз. Жаңа қаржыландыру бізге Ақтоғай кен орнын толық бақылауда ұстай отырып, оны игеруімізге мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Осы аталған екі жоба бойынша өндірістің жиынтық ауқымы жылына 200 мың тонна мыс концентратына бағаланып отыр, яғни ол қазірдегі Қазақмыстың өндірісін 60 пайыздан асатын шамаға арттыруға мүмкіндік береді. Осы жобаларды жүзеге асыру - Қазақмыс үшін де, Қазақстанның барша металлургия саласы үшін де алға басқан елеулі қадам болып табылады".
Дерекнама: Қазақстан баспасөз клубы